From Wikipedia, the free encyclopedia
Ертіс жазығы – Ертіс өзенінің екі жағын және Батыс Сібір ойпатының оңтүстік-шығыс бөлігін алып жатқан жазық.
Ертіс жазығы | |
Сипаттамасы | |
---|---|
Солтүстіктен оңтүстікке дейінгі қашықтық | ~ 80-250 км |
Батыстан шығысқа дейінгі қашықтық | ~ 550-600 км |
Өзендер | Өлеңті, Сілеті, Шідерті өзені |
Көлдер | Тобылжан, Қалқаман, Теке, Үлкен Қараой, Кіші Қараой, Қызылқақ |
Орналасуы | |
54°07′19″ с. е. 75°41′24″ ш. б.54.121866° с. е. 75.689958° ш. б. (G) (O) (Я) | |
Елдер | Қазақстан Ресей |
Аймақтар | Абай облысы, Павлодар облысы, Омбы облысы, Түмен облысы |
Қазақстанның Абай, Павлодар облыстары және Ресейдің Омбы, Түмен облыстары аумағын қамтиды.
Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай 550-600 км-ге созылып жатыр. Ені 80 км-ден 250 км-ге дейін кеңейеді. Шығысында Барабы жазығы және Құлынды далаларымен, оңтүстік-батысында Сарыарқамен, батысында Солтүстік Қазақстан жазығымен ұласады. Жер беті оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай біртіндеп еңістене отырып, 200 м-ден 100 м-ге дейін төмендейді.
Жазық палеозойлық іргетасты жауып жатқан мезозой мен палеогеннің құмды-сазды және көлді-аллювийлі шөгінділерінен тұрады. Жазықты Ертіс аңғары екіге бөледі. Соған байланысты оның сол жағалауы Ертіс бойы деп, оң жағалауы Ертіс сырты деп аталады.
Ертіс жазығында өзен торы сирек. Ертіс алабындағы кішігірім өзендер (Шідерті, Өлеңті және Сілеті) көлдерге құяды. Көлдердің көбі тұзды және кермек татиды. Тұз байланатын ірі көлдері – Тобылжан, Қалқаман, Теке, Үлкен Қараой, Кіші Қараой, Қызылқақ, т.б.. Маралды көлінің суы шипалы.
Жазықтың климаты тым континенттік. Қысы суық, ызғарлы және ұзақ. Қаңтардағы орташа ауа температурасы –17 – 20°С, кейде – 48 – 53°С-қа дейін төмендейді. Қар жамылғысының қалыңдығы 30-35 см. Жазы қоңыржай жылы. Шілдеде ауаның орташа температурасы 19-22°С. Жылдық жауын-шашынның орташа мөлшері оңтүстіктен солтүстікке қарай 200 мм-ден 350 мм-ге дейін көбейеді.
Ертіс жазығының солтүстік және орталық бөліктері астық тұқымдас әр түрлі шөп аралас қау, селеу және бетеге өскен қара топырақты, оңтүстік-шығыс бөлігі селеулі-бетегелі қызғылт қоңыр топырақты. Өзен бойында қарағайлы ормандар, ойпаң жерлерде батпақты шалғындар, тұзды көлдер, жағалауларында алабота, сораң шөптер тараған.
Жануарлардан қасқыр, түлкі, қоян, сарышұнақ, суыр, қосаяқ, елік; құстардан қаз, үйрек, аққу, тырна, қызғыш, шағала; орманды жерлерде бүркіт, кезқұйрық, күйкентай және т.б. мекендейді. Ертіс жазығын астық, көкөніс, көп жылдық мал азықтық шөптер және мал өсіруге пайдаланылады. Алқабында Павлодар облысының көптеген қалалары, кенттері мен ауылдық елді мекендері орналасқан.[1][2]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.